Астана әуежайындағы жолаушылар ағыны өткен жылы 2 миллион адамнан асты
Астана әуежайы қызметінің қорытындысы бойынша жолаушылар ағыны 2013 жылы 2609431 адамды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 15% артық,
деп хабарлайды astana.kz аталмыш әуежайдың ресми порталында жазылған.
2013 жылы ішкі бағыттар бойынша жалпы жолаушылар ағыны 1630666 адамды (2012 жылмен салыстырғанда 9% көп) құрады. Ішкі рейстерде Алматы, Шымкент және Атырау бағыттары аса көп сұранысқа ие. Ал халықаралық бағыттарда 978765 жолаушыға қызмет көрсетілген, бұл 2012 жылғы көрсеткіштерге қарағанда 21% артық. Сұранысқа ие бағыттар - Әбу-Даби, Ыстамбұл.
«Өндірістік көрсеткіштердің өсуінің негізгі факторлары - бар рейстердің жиілігінің көбеюі және жаңа бағыттардың ашылуы болып табылады», - делінген хабарламада.
2013 жылы Астана әуежайынан алғаш рет Лондон, Красноярск, Бангкок қалаларына бағыттар ашылды. Сондай-ақ, Гоа (Үндістан) және Родос (Грекия) бағыттары бойынша чартерлік туристік бағдарлама жасалды.
2013 жылы қызмет көрсетілген рейстердің саны 20272, бұл 2012 жылғы сәйкес кезеңмен (17499 рейс) салыстырғанда 16% көп. Сонымен қатар, тұрақты рейстер іс жүзінде 16% көбейсе, кешігулер 1% төмендеген.
Ұсынылған әуежай қызметтерінің сапасы мен қауіпсіздік деңгейі ИКАО халықаралық стандарттарына сәйкес келеді.
Негізі: ҚазАқпарат, 24 қан 2014
Тағы да оқу
|