Алматы әлемдегі сапарлауға лайықты он қаланың қатарына кірді
Кapital.kz порталының хабарлауынша, оңтүстік астана аталған тізімде 7-ші орында тұр. Алматы астана мәртебесінен айырылғанына қарамастан Қазақстанның ең тартымды қалаларының бірі саналады. Рейтинг түзушілердің пайымынша, туристерді мегаполистің орналасқан орны, яғни тарихи Жібек жолы мен әдемі тауы өзіне тарта түседі. Сондай-ақ аталған рейтинг түзушілер Алматыға сапарлағаннан кейін Борат фильміндегі елдің Қазақстанға мүлдем қатысы жоқ екендігіне көзің анық жететіндігін баса атап өткен.
Сонымен 2014 жылы міндетті сапарлау қажет қалалардың тізімі мынадай:
1. Рио-де-Жанейро, Бразилия
2. Сараево, Босния мен Герцеговина
3. Ливерпуль, Англия
4. Умео, Швеция
5. Львов, Украина
6. Марсель, Франция
7. Алматы, Қазақстан
8. Роттердам, Нидерланды
9. Глазго, Шотландия
10. Портленд, АҚШ
Ал Алматы билігі мұны «Көкжайлау» тау шаңғысы курорты арқылы туризмді дамытуға бағытталған шаралардың қолға алынуымен байланыстырады. Есте болса, таяуда ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа барлық маусымға арналған «Көкжайлау» тау шаңғысы курортын дамыту тұжырымдамасы таныстырылған еді. Мемлекет басшысы Алматы облысы және жалпы республика үшін туризм индустриясының маңыздылығын атап өткен болатын.
«Алматыда және облыста туризмді дамыту 100 мыңға жуық қосымша жұмыс орнымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қаланың қарқынды дамуы тауларымызды ұтымды пайдалануға байланысты болмақ. Еуропаның көптеген елінде адамдар кішкентайынан спорттың қысқы түрімен айналысады. Тау шаңғысы курортына баратын турист жылы және теңізі бар елдерге баратын туристерге қарағанда 6 есе көп кіріс әкеледі», - деген еді Қазақстан Президенті.
Негізі: ҚазАқпарат, 06 қан 2014
Тағы да оқу
|