Жерар Депардье актерліктен кетуі ықтимал
Танымал кино және театр актері Жерар Депардье жақын болашақта сахнадан кететінін жоққа шығарған жоқ.
Француздық «Журналь дю диманш» журналына берген сұхбатында ол актерлік мансап өзіне тым ауыр тиетіндігін және қазіргі уақытта тек әлемнің түкпір-түкпірін аралап, түрлі халықтармен танысуды жөн көретіндігін жеткізді.
«Актерлік ғұмырымның басында мен сахнада рөл ойнап отырып, не айтып тұрғанымды білмейтінмін. Бірақ уақыт өте келе мен бұл өнердің «музыкасы мен сөзін» ұғатын болдым. Сол мезеттен бастап мен сахнаға шығуды сүйіп қалдым», - деп еске алады Депардье. «Дегенмен, қазір актерлік қызмет мені қатты қажытып жүр. Актер болу енді менікі емес», - деп атап өтті ол.
Депардьенің бұл сұхбаты Париждің «Антуан» театрында өтіп жатқан «Махаббат хаттары» атты спектакльдің өтуіне орай жүргізілген болатын. Онда актер танымал актриса Анук Эмемен бірге басты рөлдерді сомдауда.
Болашақ шығармашылығы мен өмірі жайында сөз қозғаған Ж.Депардье, «толысқан шағында еш қаражатқа мұқтаж еместігін» де алға тартты.
«Мен жұмыс істеп болғанмын. Енді не істесем де, қайда және қашан жүрсем де өз еркім, - деді әртіс. - Қазіргі уақытта мен айқындылықтың белгілі бір шегіне жеттім, енді өзіме таныс емес адамдармен, пейзаждармен танысқым келеді. Бұрын естімеген тілдерді үйренуге құштармын. Мен бүгінгі таңда сапар барысында соққан немесе маған өздерінің отандық кинематографтарын дамыту ісіне қатысуға мүмкіндік берген әрбір елді танып-біліп жатырмын».
Бір жыл бұрын Франция азаматтығынан бас тартқан Ж.Депардье туған жеріне барып тұрады. Оның айтуынша, француздар оған жылы шырай танытып, әлі күнге дейін махаббаттарын жасырмайды. Бірақ қазір ол Әзірбайжан, Бельгия, Қазақстан, Ресей, Украина сынды мемлекеттерде жиі болады. «Мен әр кезде де саяхат адамы болғанмын, - дейді актер. - Мен белгілі бір жерге байланып қалғым келмейді. Францияға жиі ат басын бұрамын, алайда тек мейман ретінде. Қазір мен өзімді еркін сезінемін».
Негізі: ҚазАқпарат, 07 қан 2014
Тағы да оқу
|