Мемлекет басшысы православтарды Рождество мерекесімен құттықтады
Өз құттықтауында Президент бұл мерекенің көптеген ғасырлар бойы адамдардың жүрегін ең жарқын сезімдерге – жақыныңа деген сүйіспеншілік пен мейірімге толтырып, үнемі бейбітшілік пен жақсылыққа, ізгі ниет пен игі істерге жетелеп келеді деді.
«Бұл мәңгілік рухани құндылықтар барлық діндердің өкілдерін біріктіреді. Олар Қазақстанның бүкіл жетістіктері мен дамуының берік негізі болып саналады», - деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан барлық этностардың өзіндік жарқын болмысы мен бекем бірлігі арасындағы үйлесімділікті сақтап, әлеуметтік-экономикалық дамуды нығайта отырып, қарыштап алға басып келеді деп мәлімдеді.
«Рождествоны мерекелеу ізгілікпен және игі істермен байланысты. Бұл өзара көмек дәстүрі мен өзара сый-құрметті әрдайым басты орынға қоятын барша халқымыз үшін маңызды», - деп толықтырды ол.
«Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап толеранттылық және конфессияаралық диалог Қазақстанның негізгі басымдығы болып келеді. Біз православиені ұстанатын отандастарымыздың ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасының әлеуметтік, экономикалық және рухани дамуына қосқан үлесін жоғары бағалаймыз», - деп атап өтті Президент.
Мемлекет басшысы осы ізгі мерекеде баршаға татулық пен сүйіспеншілік, бақыт, игілік пен бақ-береке тіледі.
Негізі: BNews.kz, 07 қан 2014
Тағы да оқу
|